Елімізде орын алған оқиғалардың алғашқы күйзелісі бірте-бірте өте бастағандай. Әріптестеріміз Алматы трагедиясына өз көзқарастарын білдіруде.
Сырым: «Менің бүкіл саналы өмірім – жастық шақ, кемел жасым Алматыда өтті. Оқыдым, үйлендім, ұлым сонда дүниеге келді. Екі бірдей жоғары білімді Алматы университеттерінде алдым. Мен инженер-механик мамандығын алған Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті орналасқан Фурманов және Сәтбаев көшелерінің маңында сұмдық оқиғалар орын алған. Қираған ғимараттарды, дүкендер мен мейрамханаларды көру өте ауыр.
Алматы – мейірімділігімен, әсемдігімен, ақжарқын, парасатты халқымен ерекше қала.. Өзім Алматының тумасы болмасам да, отыз жыл өмірімді өткізгендіктен туған жерім деп есептеймін. Мен қай жерде болсам да, әлемдегі ең жақсы қалалар қандай болса да, мен үшін Алматы әрқашан ең сүйікті және ең жақсы қала болып қала береді. Жұмыс бабымен Оралда болғандықтан, сүйікті қалам үшін қатты алаңдаймын. Біздің ортақ күш-жігерімізбен, қамқор адамдарымызбен және мемлекеттің қолдауымен Алматы қалпына келіп, бұдан да әсемденіп, көркейетініне сенімдімін».
Гордей: «Бүкіл отбасы болып Алматыға алаңдаймыз. Бұл қалада достарымыз,таныстарымыз тұрады. Алматыға көшеміз деп ойлаған кезіміз де болды. Бұл қалай болғаны әлі миыма сыймайды. Біз осы қиын күндерде алматылықтарды қолдаймыз. Біз сенімен біргеміз».
Сәлкен: «Қайғылы оқиға орнынан түсірілген кадрлар мен фотоларды көргенде жанымызға батқан сезімді жеткізуге сөз жоқ. Алматылықтарға айтарымыз: «Ұстамды болыңыздар! Біз сіздермен біргеміз! Сауығып кетесін, Алматы!».