Сондай-ақ ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы құны 12,8 млрд теңгені құрайтын 43 жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш жобалардың қатарында он бес инженерлік инфрақұрылым нысаны мен он көппәтерлі тұрғын үй және аудандарда 183 тұрғын үйдің құрылысы бар.
Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» комиссиясы бақылайды. Аталмыш комиссия мүшелері бүгін түске дейін Орал-Тасқала-Ресей Федерациясы аумағына (Озинки) дейінгі тас жолының құрылысымен танысып қайтты.
Құрылыс жобасының алғашқы кезеңі Орал қаласынан Тасқала ауданының орталығына бағыт алатын тас жолдың 4-31 шақырымындағы учаскесін қамтиды. Қазір аталмыш учаскедегі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.
-Орал-Тасқала-Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі тас жолдың 4-31 шақырымындағы жол телімінің (ұзындығы 27 шақырым) құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Бөлінген 5,9 млрд теңге қаражат толық игерілді. Бүгін жолды «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» комиссиясына тапсырдық. Жол құрылысында облыста тұңғыш рет қиыршықтасты маститті асфальт (ШМА) қолданылды. Жол бойында алты аялдама, үлкен жүк көліктеріне арналған эстакада, демалыс орындары, әжетханалар салынды. Бүкіл 27 шақырым бойынша су ағатын науалар, су өткізгіш құбырлар, кедергілі қоршаулар, сигналды бағаналар, жарықшамдар орнатылып, жол белгілері қойылды, - дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ тапсырысымен жобаны жүзеге асырған мердігер компания «Uniserv» ЖШС-ның бас директоры Дінмұхамед Сәтбаев.
Жобаның екінші кезеңі 31-104 шақырымға дейінгі (ұзындығы 73 шақырым) жол телімінің құрылысын қамтиды. Қазір Тасқала ауданының орталығына дейін жаңа жол салынды. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан әкелінетін қиыршық тас пен битум бағасының бір жарым – екі есеге дейін қымбаттауы және тапшылығы құрылыс жұмыстарын мерзімінде атқаруға кері әсерін тигізіп отыр. Жалпы, 2015 жылы басталған Орал-Тасқала-Ресей Федерациясы аумағына (Озинки) дейінгі тас жолының құрылысы 2018 жылы толығымен аяқталуы тиіс.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
zhaikpress.kz